«Батыс Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының «Облыстық халық шығармашылығы орталығы» МКҚК
Халықтық «Ақжайық» би ансамблі

 

Жайық өңіріндегі кәсіби би өнерінің дамуында 40 жылдық тарихы бар халықтық «Ақжайық» би ансамблі қазақ ұлттық би өнерінің бояуын жоғалтпай, толағай жетістіктері жылдан жылға молайып отыр.


Ансамбль алғаш рет 1974-1977 жылдары көрнекті қоғам қайраткері Мұстахым Ықсановтың қолдауымен, Құрамыс Ғаббасовтың жетекшілік етуімен құрылса, кейіннен ансамбльге жетекшілік еткен Слана Имашева, Қарлығаш Айтқалиевалардың қолтаңбалары ерекше.


Ансамбль 1977 жылы «Халықтық» атағын иеленді. Би ансамблінің жетекшісі – Әсел Давлетова.


Ансамбльдің құрамында 16 биші бар. Ұжым, негізінен, халық билерін орындайды. Жыл сайын ансамбль жаңа би қойылымдарымен толықтырылып отырады.  Репертуарында 50-ге жуық би мен қойылым бар. Оның ішінде: "Ақ ерке Ақ Жайық", «Адай», «Арулар», «Әсемқоңыр», «Балауса», «Білезік», «Дархан дала», "Дайдидау", «Қыз Ақжелең», «Қос алқа», «Қызғалдақтар»,  «Үкілім-ай», «Тойбастар», «Шашу», «Шаттық», «Шалқыма», т.б. билерімен қатар өзге ұлттардың: хорезм, испан, түрік, тәжік, орыс т.б. билері ерекше көрініс табады.


Халықтық «Ақжайық» би ансамблі облыс, республикалық ауқымда ұйымдастырылатын іс-шараларға белсене атсалысып, облыс мәдениеті мен өнерінің дамуына сүбелі үлес қосып келеді. Осындай іс-шараларға қатысқаны үшін аймақ басшысының көптеген марапаттарына ие болды. 2010 жылы Алматы қаласында өткен Жастар қоғамы атынан «Жылдың үздік ансамблі» аталымын иеленсе, сондай-ақ Шара Жиенқұлованың 100 жылдығына арналған IV республикалық қазақ би байқауының арнайы сыйлығы, Түркия елінің Стамбул қаласында өткен «Фомгед» жастардың фольклорлық ән-би фестивалінің Алтын медалі, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Қорының мәдениет және өнер саласындағы сыйлық иегері. 2013 жылы Астана қаласында өткен Халықаралық «Шабыт» жастар фестивалінде Әсел Давлетова, Райгүл Джумақаева дипломант атанса, 2017 жылы республикалық ХІІІ Дельфий ойындарында І орын, Алтын медальға ие болды. Ансамбль Халықаралық, республикалық байқау-фестивальдердің лауреаты атанып, бірнеше диплом, Алғыс хаттармен марапатталды.


Халықтық «Ақжайық» би ансамблі қаншама елді аралап, талай рет облыс намысын қорғап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Өнер ұжымы республика көлеміне ғана емес, сонау шет мемлекеттер: Германия еліндегі Берлин, Халле қалалары мен Ресейдің Самара, Саратов, Оренбург, Астрахан, Волгаград қалаларында өнер көрсетіп, қазақтың ұлттық биінің айшықты өрнегімен таңғалдырса, 2001 жылы екі рет Астана қаласындағы Гала-концертте және Қазақстан Республикасының 10 жылдық мерейтойына орай өткен театрландырылған көрініске арнайы шақырылды, облысаралық мәдени ынтымақтастықты нығайту мақсатында Атырау, Ақтау, Қостанай қалаларындағы концерттік бағдарлама, Елордадағы Астана күні, Батыс Қазақстан күндеріне орай ұйымдастырылған «Қуатты өңір – қуатты Қазақстан» концерті, Елбасының қатысуымен өткен «Бейбітшілік пен келісімге - 25 жыл» әртүрлі ұлт өкілдерінің фестивалі, Қазақ хандығының 550 жылдығы, «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінде тамаша өнер көрсетті. Сонымен бірге ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, балетмейстер Құрамыс Ғаббасов пен  халықтық «Ақжайық» би ансамблінің 40 жылдығына арналған «Өнер – өмір өрнегі», «Ақжайық сыры» шаралары облыс көлемінде аталып өтті.


2018 жылы Астана қаласының 20 жылдығы аясында Батыс Қазақстан облысы көркемөнерпаздарының «Этноауыл» ұлттық мәдени кешенінің сахнасында «Ақжайық асқақтайды Астанамен!» кеңейтілген концерттік бағдарламасына Е.Нұрымбетовтың «Жаса, Елім» композициясына «Мерекеге тарту» жаңа би қойылымымен қатысты. Ал облыстық «Дала дарындары» жастар шығармашылығы фестивалінде жүлделі І орын иегері атанып, Астана қаласында өткен Халықаралық ХХІ «Шабыт» жастар фестивалінде ансамбль «Құрбылар», «Мерекеге тарту» және А.Серікбаеваның жеке орындауында «Алтын ханшайым», «Аққу» билерін орындады. Нәтижесінде ансамбль ІІІ орын тұғырынан көрініп, А.Серікбаева дипломант атанды.